Ақмола облысында жылқы табыны қатысқан жол-көлік оқиғасы болды. Зардап шеккен тараптың айтуынша, мал иесі әуелі шығынды өтеуге уәде берген, кейін жауапкершіліктен бас тартқан. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Astanovka 98 паблигінің жарияланымында айтылғандай, апат 19 қазанға қараған түні болған. Қыз Астанадан Астрахань трассасымен үйіне қайтып бара жатқанда, тұманда көлігінің алдынан кенеттен жылқы табыны шыға келген.
Соқтығысудан кейін екі жылқы өліп, тағы біреуі жарақат алды. Қыздың әкесі мал иесін күтіп, таңға дейін жануарлардың жанында болған.
NUR.KZ тілшісі Ақмола облысы полиция департаментіне сұрау жіберді. Онда жол апаты фактісі расталды.
«19 қазан күні шамамен 01:30-да Целиноград ауданында, Арайлы ауылының маңында «Chery Tiggo 2 Pro» маркалы автомобиль мен жылқылар қатысқан жол-көлік оқиғасы болды. Апат салдарынан зардап шеккендер жоқ. Екі жылқы оқиға орнында өлді. Мал иесі анықталды. Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю ережелерін бұзғаны үшін ол әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Шығынды өтеу мәселесі азаматтық тәртіппен шешілуі тиіс», — делінген хабарламада.
Отбасы көлікті қалпына келтіру шығынына алаңдап отыр. Туыстарының айтуынша, автомобиль кредитке алынған, ал жөндеу қымбатқа түседі.


