Ақмола облысының Зеренді аудандық сотында ысырап пен алаяқтық жасады деп айыпталған жылқышыға қатысты қылмыстық іс қаралды. Келтірілген шығынның жалпы сомасы 70 млн теңгеден асты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ақмола облысы соттарының ресми Telegram-арнасында жазылғандай, ер адам Қылмыстық кодекстің 189-бабы 3-бөлігінің 1 және 3-тармақтары бойынша — бірнеше рет және ірі мөлшерде бөтеннің мүлкін ысырап ету және жымқыру, сондай-ақ 190-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы бойынша — алаяқтық жасады деп сот алдында жауап берді.

Сот анықтағандай, сотталушы жылқышы болып жұмыс істеп, 34 азаматпен олардың жылқыларын ақылы жайылымға қою туралы ауызша келісім жасасқан. Ол малдың сақталуын қамтамасыз ету міндеттемесін өзіне алып, өзіне сеніп тапсырылған мүлік үшін материалдық жауапкершілік көтерген.

2021–2025 жылдар аралығында 34 жәбірленушіге тиесілі 150 бас мал — бие, піштірілген айғыр, айғыр, құлын, сондай-ақ 10 бас ұсақ мал ысырап етілген. Жоғалған малды жасыру үшін ер адам бір иесінің жылқыларын жоғалғандарының орнына басқа иелеріне беріп отырған. Келтірілген шығынның жалпы сомасы 70 млн теңгеден асқан.

Сонымен қатар сотталушы табынға айғыр сатып алу деген жалған сылтаумен қаражат жинау жариялаған. Жылқы иелері ақша аударған, ол оны өз қалауынша жұмсап, 5 жәбірленушіге 40 мың теңге көлемінде материалдық шығын келтірген.

Ер адамның кінәсі жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтарымен, қолхаттармен, жылқы жайылымы үшін төлем түбіртектерімен, малдың ветеринарлық паспорттарымен, бетпе-бет салыстырулармен, жылқыларды танумен және істің басқа да материалдарымен расталды.

Жаза тағайындау кезінде сот сотталушының асырауында 4 кәмелетке толмаған баласының болуын жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді. «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдауға байланысты рақымшылық туралы» Заңды қолдану арқылы ер адамға 3 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Жәбірленушілердің азаматтық талаптары қанағаттандырылды: жалпы сомасы 70 млн теңгеден асатын материалдық шығын өндірілді. Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.