Ақмола облысында полиция қызметкерлері мемлекеттік тіркеу нөмірін алып тастаған Infiniti көлігінің жүргізушісін ұстады. Ол камераларға түспеу және Астанадан Қостанайға тезірек жету үшін осылай жасаған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 18 қыркүйекте сағат 9:00 шамасында болған. Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері «ҚазАвтоЖол» өкілдерімен бірлесіп, камералар арқылы көлігінің мемлекеттік тіркеу нөмірін алып тастаған жүргізушіні байқаған.

Полицейлер Infiniti көлігін бірден бақылай бастады. Шамамен екі сағаттан кейін көлік Астана — Петропавл автожолының 230-шақырымында тоқтатылды.

Тексеру барысында жүргізушінің жүріп келе жатқанда ұялы телефонмен сөйлескені және қауіпсіздік белдігін тақпағаны анықталды.

«Ер адам құқықбұзушылықты жоққа шығармады. Ол камералар оның көлігін танып, орташа жылдамдықты асырғанын тіркемеуі үшін нөмірді алып тастағанын түсіндірді. Жүргізушінің айтуынша, осылайша Астанадан Қостанайға тезірек жетпек болған», — деді Ақмола облысы полиция департаментінде.

Нәтижесінде жүргізушіге қатысты үш құқықбұзушылық фактісі бойынша әкімшілік материалдар толтырылды. Онымен профилактикалық әңгіме жүргізілді.