Бразилияда өткен жаһандық конференцияда АҚШ Мемлекеттік хатшылығының презентациясындағы Африка картасында барлық елдің атауы қате көрсетілген. Бұл жағдай қатысушылардың наразылығын тудырып, олар скриншоттарды әлеуметтік желіде жариялады, деп хабарлайды infohub.kz.

Reuters агенттігі Рио-де-Жанейрода өткен Aids 2026 конференциясындағы баяндаманың видеосын қарап шықты. Онда қате карта презентацияның орта тұсында, АҚШ-тың денсаулық сақтау саласындағы жаңа келісімдері туралы айтылып жатқанда көрсетілген. Reuters талдауы бойынша, картада OpenAI құралдары қолданылғанын көрсететін жасанды интеллект су белгісі болған. Компания түсініктеме сұрауға жауап бермеді.

Мемлекеттік хатшылық туындаған шатасу үшін толық жауапкершілік өздерінде екенін мойындады. Картаны іс-шара алдында асығыс түрде слайдтарды өзгерткен қызметкер жасағанын хабарлады. Картадағы қателер: АҚШ әскерлері орналасқан Нигерия Сахара шөлінің ішіндегі құрлықпен қоршалған ел ретінде, оңтүстік-шығыс Африкадағы Мозамбик Африка мүйізіне, ал батыс Африкадағы Кот-д’Ивуар құрлықтың екінші шетіне ауысып кеткен.

Картаның скриншоттарын алдымен СПИД мәселелері бойынша маман Эмили Басс Substack блогында жариялады. Кейін олар LinkedIn желісінде кең тарады, бір жазба шамамен 40 мың рет қаралған. Атлант кеңесінің жасанды интеллект және геосаясат жөніндегі маманы Мэтт Петит: «Бұл слайдты жасаған және мақұлдаған адам Африка елдерінің қай жерде орналасқанын білмеген әрі жұмысын тексеруді қажет деп санамаған», – деп жазды.

Мемлекеттік хатшылық мәлімдемесінде: «Біз қатысушыларға, оның ішінде африкалық әріптестерімізге туындаған шатасу мен қателік үшін толық жауапкершілікті өзімізге аламыз», – делінген. Конференцияда баяндаманы АҚШ-тың жаһандық денсаулық сақтау елшісі, Президенттің СПИД-ке қарсы төтенше жоспары (Pepfar) бағдарламасын басқаратын Джефф Грэм жасады. Ол түсініктеме сұратылғанда жауап бермеді.

Мемлекеттік хатшылық конференциядағы талқылаулар картадағы қатеге қарамастан «мазмұнды және сындарлы» болғанын, СПИД-ке қарсы күресте нақты нәтижелерге жету жөніндегі міндеттемесін сақтайтынын айтты. Трамп әкімшілігінің өткен жылы қаржыландыруды тоқтату туралы шешімі бүкіл әлемдегі көмек бағдарламаларын үзгенімен, Pepfar-дың өмірлік маңызы бар дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету сияқты негізгі жұмысы негізінен қалпына келтірілді. АҚШ қаржыландырудың басқа бағыттарын, оның ішінде алдын алу және бақылау шараларын қысқартып, Оңтүстік Африкадағы бағдарламаны толығымен тоқтатуды жоспарлап отыр.