АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі Біріккен Ұлттар Ұйымы алдындағы қарызын өтеу үшін $725 млн аудара бастады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қаражат БҰҰ-ның негізгі бюджетіне жұмсалады. АҚШ Мемлекеттік департаменті төлем жоспары туралы Конгресті 4 тамызда хабардар еткен болатын.

Алайда Вашингтонның БҰҰ алдындағы жалпы қарызы әлдеқайда көп. Ұйымның бағалауынша, АҚШ $4 млрд-тан астам қарыз. Америка билігі бұл соманы асыра көрсетілген деп санайды және төлемдердің бір бөлігі жасалғанын алға тартады.

БҰҰ бұған дейін АҚШ-тың негізгі бюджет бойынша шамамен $2 млрд, бітімгерлік операциялар үшін тағы $2,2 млрд және халықаралық трибуналдарға $44 млн қарыз екенін хабарлаған.

Төлемдердің кешігуіне байланысты БҰҰ қаражат тапшылығына тап болды. Ұйымның Бас хатшысы Антониу Гутерриш қаржылық қиындықтар мен шығындарды қысқарту қажеттігі туралы ескерткен.

Сарапшылар $725 млн аудару мәселені тек ішінара шешетінін атап өтеді. «Бұл кеменің суда сәл ұзағырақ қалуына мүмкіндік береді», — деді Reuters-ке БҰҰ-ның бұрынғы қызметкері Юджин Чен.

Оның айтуынша, егер АҚШ қарызды төлеуді жалғастырмаса, ел қаңтарда БҰҰ Бас Ассамблеясында дауыс беру құқығынан айырылуы мүмкін. БҰҰ ережелеріне сәйкес, егер мемлекеттің қарызы алдыңғы екі жылдағы жарналар сомасына жетсе, ол дауыс беру құқығынан айырылады.

Трамп әкімшілігі кезінде АҚШ БҰҰ-ның бірқатар құрылымдарын қаржыландыруды қысқартып, халықаралық міндеттемелердің бір бөлігінен бас тартты. Сонымен қатар, Вашингтон саяси себептермен шамамен $153 млн аудармады. Бұл қаражаттың бір бөлігі БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесіне және палестиналық босқындарға көмек көрсететін БҰҰ агенттігіне арналған еді.

18 тамыздағы жағдай бойынша БҰҰ-ға мүше 193 елдің 129-ы жарналарын толық төледі.