Америка Құрама Штаттарының Қарулы күштері тек жерге жақын орбитада ғана емес, Ай мен оның айналасында да соғыс жүргізуге дайын болуы керек. Бұл туралы Біріккен штаб бастықтары комитетінің төрағасы генерал Дэн Кейн мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Оның айтуынша, АҚШ XXI ғасырдағы соғыстарды «Ай мен оның айналасында» жүргізуге және жеңуге дайын болуы тиіс. Генерал бұл мәлімдемесін Мэриленд штатында өткен авиация, ғарыш және киберқауіпсіздік мәселелеріне арналған конференцияда жасады.

«АҚШ Ғарыш күштері ғарышта сөзсіз басымдықты қамтамасыз етіп, сондай-ақ біріккен күштерге ғарышта жеңіске жету үшін қажетті желілерді, ғарыш саласындағы ахуалдан хабардар болуды және ақпараттық басымдықты қолдауы керек — қазір де, болашақта да», — деп келтіреді оның сөзін The Washington Times.

Біріккен штаб бастықтары комитетінің төрағасы спутниктер орналасқан ғарыш кеңістігіндегі үстемдік қарулы күштердің бүкіл әлем бойынша байланыс ұстау және әрекет ету қабілеті үшін өте маңызды екенін атап өтті.

Айта кетейік, бірнеше күн бұрын АҚШ әскери-әуе күштерінің министрі Трой Мейнк Штаттардың енді орбитада орналастырылған ғарыш қаруы бар екенін мәлімдеген болатын. Сонымен қатар, АҚШ болашақта Golden Dome зымыранға қарсы қорғаныс жүйесінің бөлігі болуы тиіс ғарыш зымырандарының желісін әзірлеп жатқаны белгілі болды.