Дональд Трамптың Солтүстік Корея көшбасшысы Ким Чен Ынмен диалогты қайта жандандыру әрекеттері тұйыққа тірелді: Пхеньян Вашингтоннан келген қоңыраулар мен хабарламаларды елемей отыр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

NUR.KZ агенттігі РБК-ге сілтеме жасап, ресейлік басылымның The Wall Street Journal (WSJ) материалын аударып бергенін жеткізді. Басылым хабардар дереккөздерге сілтеме жасайды. Олардың мәліметінше, Вашингтон Пхеньянмен байланыс орнатуға былтыр-ақ әрекет жасаған. Алдымен Трамп Киммен қолданыстағы телефон желілері мен байланыс арналары арқылы хабарласқысы келді, бірақ жауап болмады.

Содан кейін АҚШ көшбасшысы жеке хат жазды. Оны тапсыру үшін американдық тарап Нью-Йорктегі БҰҰ жанындағы КХДР өкілдігінің жанында кезекшілік ұйымдастырды. Солтүстіккореялық дипломат өтіп бара жатқанда, конвертті оның қолына ұстата салды. Алайда дипломатиялық айла іске аспады: кейінірек БҰҰ-дағы бір отырыста КХДР өкілі ашылмаған хатты американдық әріптесінің алдына әдейі лақтырып тастады.

Осы аптада Трамптың Азияға сапары кезінде көшбасшылардың жеке кездесуін ұйымдастыруға жасалған жаңа әрекет те нәтиже бермеді. Газеттің сұхбаттастарының дерегінше, тараптар соңғы сәтте осындай мүмкіндікті талқылаған, бірақ Ким Чен Ын АҚШ-та қабылдауға болмайтын деп тапқан шарттарды қойған.

Келіссөздерді қайта бастау үшін американдық тарап айтарлықтай жеңілдіктерді, соның ішінде Корей соғысын ресми түрде аяқтауды, сынақтарға мораторий мен байланыс өкілдіктерін ашуға айырбас ретінде толық денуклеаризация талабынан бас тартуды талқылаған. Ақ үй мұндай кездесуді ұйымдастыру әрекеттерін ресми түрде жоққа шығарады.

WSJ дерегінше, 2019 жылдан бері КХДР-дың ядролық арсеналы 20–30-дан шамамен 60 жауынгерлік бөлікке дейін өскен, ал қарулы күштерінде қатты отынды құрлықаралық баллистикалық ракеталар (ҚБР) пайда болған. Пхеньян өзінің ядролық мәртебесін халықаралық деңгейде мойындауды талап етіп отыр.

Бұған дейін біз Трамптың солтүстіккореялық көшбасшы Ким Чен Ынға өзара ықыласы туралы айтқанын жазғанбыз — Ақ үй басшысы оны өзінің досы деп атады. «Мен осында тұрғанда оған ештеңе болмайды. Неге екенін білесіз бе? Өйткені ол мені құрметтейді, мен де оған ұнаймын», — деген еді сонда Трамп.