АҚШ-та бір отбасы 19 жасар Клои есімді мысығының ұйықтату мен кремация ақысын төлегеннен кейін бір жарым жыл өткен соң тірі екенін кездейсоқ біліп қойды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

People басылымының жазуынша, қарт мысығы қатты ауырып қалғанда, отбасы ветеринарлық клиникаға жүгінген. Дәрігерлер 19 жасар үй жануарының жағдайын өте ауыр деп бағалап, эвтаназия ұсынған. Қожайындар сүйіктісімен қоштасып, ұйықтату мен кремация рәсімінің ақысын төлеп, содан кейін күлі салынған құмыраны алыпты.

Шындық тек 18 айдан кейін мүлдем кездейсоқ ашылды. Жергілікті жануарларға арналған пана жаңа үй іздеп жүрген қарт мысықтың суретін әлеуметтік желілерге жариялаған. Қожайындар оның өзіне тән белгілерінен Клоиді бірден таныған.

Анықталғаны, ветеринарлық клиника қызметкері ұйықтатуды орындаудан бас тартып, жануарға жаны ашып, оны жасырын түрде зооқорғаушыларға беріп жіберген.

Клиникада ережелердің бұзылғаны және ақысы төленген қызметтің орындалмағаны расталды. Мекеме өкілдері отбасыға толық өтемақы төлеп, ішкі тергеу жүргізуге уәде берді.

Таңғалған қожайындар Клоиді панадан бірден үйге қайтарып алды, енді ол қайтадан махаббат пен қамқорлыққа оранған.