Америка Құрама Штаттары орбитаға орналастырылған ғарыштық бақылау қаруы бар екенін алғаш рет ресми түрде растады. Бұл туралы АҚШ Әскери-әуе күштерінің министрі Трой Мейнк мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Defense One басылымының хабарлауынша, мәлімдеме 14 қыркүйекте Мэриленд штатында өткен Air, Space & Cyber конференциясында жасалды. DefenseScoop басылымы атап өткендей, бұл — Пентагон өкілінің АҚШ-тың тікелей ғарыш кеңістігінде орналасқан қаруы барын алғаш рет жария түрде мойындауы.

«Бүгін біз қайда пайда болса да, өзгермелі қауіп-қатерлерге дайын болуды жалғастырып келеміз. Сондықтан АҚШ-тың енді орбитаға орналастырылған, бірлескен күштерді қарсыластың дұшпандық әрекеттерінен қорғай алатын ғарыштық бақылау қаруы бар», — деді Мейнк.

Министр нақты қандай жүйелер туралы айтылып жатқанын, олардың ғарышта қаншасы бар екенін және қандай мүмкіндіктерге ие екенін нақтыламады. Air & Space Forces Magazine дерегінше, Мейнк сөз соңында тұжырымның әдейі жасалғанын және «өте жақсы ойластырылғанын» атап өтті.

Мәлімдеме сарапшылар арасында алаңдаушылық тудырды. Secure World Foundation ұйымының ғарыш қауіпсіздігі және тұрақтылығы жөніндегі директоры Виктория Сэмсон Вашингтонның мойындауы Қытай мен Ресейді өздерінің ғарыштық қарулары туралы ашық айтуға итермелеуі мүмкін деп болжады.

Оның пікірінше, сөз спутниктерді физикалық түрде жоюға және ғарыш қоқысын жасауға қабілетті кинетикалық жүйелер туралы емес болуы ықтимал. Сарапшы АҚШ орбитаға радиоэлектрондық күрес және сигналдарды басу құралдарын орналастырған болуы мүмкін деп жорамалдады.

Мейнк сондай-ақ қыркүйекте қозғалыстағы әуе нысандарын анықтауға арналған спутниктік жүйенің прототиптерін орбитаға шығару жоспарланып отырғанын хабарлады. Сонымен қатар, американдық Golden Dome қарсы зымырандық қорғаныс жүйесі үшін әзірленіп жатқан ғарыштық тұтқыштар ұшуға дайындық сатысына жетті.