Америка әкімшілігі Парсы шығанағындағы бірқатар араб мемлекетіне Иранға қарсы ықтимал әскери науқанға дайындалу қажеттігін жеткізді. Бұл науқан АҚШ Конгресіне өтетін аралық сайлаудан кейін басталуы мүмкін. Бұл туралы беделді The Wall Street Journal басылымының дерегіне сілтеме жасап, infohub.kz сайты хабарлайды.
Газетаның мәліметінше, сөз «қысқа мерзімді, бірақ қарқынды» қақтығыстың қайта жандануы туралы болып отыр. «Келіссөз барысынан хабардар дереккөздердің айтуынша, АҚШ Парсы шығанағындағы бірқатар араб еліне АҚШ-тағы аралық сайлаудан кейін басталуы мүмкін қысқа мерзімді, бірақ қарқынды әскери науқанға дайындалу қажеттігін ескертті. Дипломатиялық және әскери арналар арқылы жүргізілген бұл байланыстар — АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы ауқымды ұрыс қимылдарының жаңа кезеңіне дайындалып жатқанын көрсететін белгілердің бірі ғана. Олар жағдайдың қатты ушығу қаупіне барып, Тегеранның ұстанымын әлсіретуді және оны келіссөздерге мәжбүрлеуді көздеп отыр», — делінген жарияланымда.
Ұшуларды бақылау жүйелерінің деректері мен хабардар екі шенеуніктің мәліметіне сәйкес, америкалық әскерилер Израильдің зымыранға қарсы қорғанысын күшейту үшін Техастан қосымша Patriot зениттік-зымыран жүйесін жеткізіп жатыр. Сонымен қатар АҚШ қақтығыс ушыққан жағдайда ең осал болған Таяу Шығыстағы базаларынан әскерлерін шығарды.
Ресми тұлғалардың айтуынша, аймақтағы америкалық күштер оқ-дәрі қорын толықтырып, бомбалаушы ұшақтар мен истребительдер соққы беруге дайындалып жатыр. Оған қоса, келесі айда Таяу Шығыста орналасқан шамамен 20 әскери кемеден тұратын топқа тағы бір авиатасымалдаушы соққы тобы мен теңіз жаяу әскерінің экспедициялық бөлімшесі қосылады.
«Трамп президенттің ой барысынан хабардар адамдардың айтуынша, ол әзірге түпкілікті шешім қабылдаған жоқ, бірақ сайлаудан кейін ауқымды операция жүргізуге — нысанасы ирандық инфрақұрылым мен ядролық нысандар болуы мүмкін соққыға бейім тұр», — деп жазады газета.
Балама нұсқа ретінде келісім жасасу болуы мүмкін еді. Аймақтық делдалдардың дипломатиялық күш-жігері жалғасып жатыр, бірақ әзірге нәтиже берген жоқ. Ақ үй басылымға «болуы да, болмауы да мүмкін сезімтал әскери жоспарлар» туралы түсініктеме бермейтінін мәлімдеді.
«Трамп президент Иран ешқашан ядролық қаруға қол жеткізбеуін қамтамасыз ету үшін барлық әрекет нұсқаларын үстел үстінде қалдырып отыр», — деп атап өтті Ақ үйде.


