2022 жылы түрмеге жабылған және денсаулығы өте нашар деп хабарланған бұрынғы америкалық теңіз жаяу әскері Ресейден босатылды. Массачусетс штатының тұрғыны Роберт Гилман «гуманитарлық себептермен» босатылып, сейсенбі күні АҚШ-қа бағыт алған ұшақта Вашингтонға жеткізілуде. Бұл туралы Ресей президенті Владимир Путиннің арнайы өкілі Кирилл Дмитриев мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Массачусетс сенаторы Эд Марки әлеуметтік желіде Гилманның босатылмас бұрын «толық кататония жағдайында» болғанын және «ауыр пневмониямен» күресіп жатқанын жазды. Гилман 28 жасында Мәскеуге бара жатқан пойызда масаң күйде полицейді тепкені үшін қамауға алынған еді.
«Шамамен 50 күн бұрын Робертке диссоциативті ступор диагнозы қойылды — бұл оның сыртқы әсерге жауап бермей, қарым-қатынас жасай алмайтын және тамақ іше алмайтын жағдайы», — деді Марки, Гилманның қазіргі жағдайы туралы мәлімет белгісіз екенін қосып.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, Гилман АҚШ-қа оралған кезде оған бірнеше дәрігер көмек көрсеткен, ал америкалық шенеунік «ол жақсы жағдайда сияқты» деген. CBS News-тің хабарлауынша, оның отбасы оны Техастағы әскери госпитальда күтіп отыр.
«Президент Трампқа ағамның өмірін сақтап қалғаны үшін өте ризамын. Роберттің бүгін тірі болуының басқа себебі жоқ — Трамп бұл істі естіп, әрекет етті», — деді оның әпкесі Лекси Хадсон мәлімдемесінде.


