АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс Украинаға Ресейдің Новороссийск портын пайдаланатын мұнай танкерлеріне соққы жасауды тоқтатуды өтінді, өйткені бұл шабуылдар қазақстандық мұнай жеткізілімдеріне әсер етіп, американдық компанияларға қауіп төндірді. Бұл туралы Financial Times украин шенеуніктеріне сілтеме жасап хабарлайды, деп мәлімдейді Reuters.

Басылымның дерегінше, тиісті өтініш шілде айында жіберілген. Вашингтон украин шабуылдары әлемдік мұнай нарығын тұрақсыздандырып, АҚШ компанияларына зиян келтіруі мүмкін деп қауіптенді, өйткені Каспий құбыр консорциумы (КҚК) жүйесі арқылы Қазақстаннан Новороссийск маңындағы терминалға тасымалданатын мұнай тиелген кемелер соққыға ұшыраған.

Осыдан кейін Украина КҚК инфрақұрылымына шабуыл жасамауға және Ресейге қатысы жоқ, украин санкцияларында тұрмаған және ресейлік мұнай немесе басқа да ресейлік жүктерді тасымалдамайтын кемелерге соққы жасамауға келісті, деп атап өтеді басылым.

Соңғы айларда Украина Ресейдің энергетикалық инфрақұрылымына соққыларды күшейтті. Киев осылайша Ресейдің әскери әрекеттерді қаржыландыру ресурстарын қысқартуға тырысатынын мәлімдейді.

Reuters дереккөздерінің мәліметінше, шілдеде Қара теңіздегі ұшқышсыз ұшақтардың шабуылдары КҚК арқылы мұнай жөнелту көлемін шамамен 20%-ға төмендеткен. Осыған байланысты қазақстандық мұнай жеткізілімдері мен Chevron және ExxonMobil қоса алғанда, батыстық мұнай компанияларының жұмысы зардап шекті.

Мұнайдың көп бөлігін КҚК жүйесі арқылы экспорттайтын Қазақстан шілдеде маусыммен салыстырғанда өндірісті 14%-ға қысқартты, деп хабарлады агенттік дереккөздері.

Бұған дейін «Курсив» Қазақстан КҚК-ға жасалған шабуылдар салдарынан бір айда $700 млн жетпеуі мүмкін екенін жазған болатын.