Америка Құрама Штаттары баспана сұраған шетелдіктерге берілген 200 мыңға дейінгі визаны жоюды жоспарлап отыр. Бұл ел тарихындағы ең ауқымды виза қайтарып алу шарасы болмақ, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

ABC News деректеріне сүйенсек, Дональд Трамп әкімшілігі баспана туралы өтініш берген немесе алу процесінде жүрген шетелдіктердің іскерлік және туристік визаларын қайтарып алуға дайындалуда. Егер бұл жүзеге асса, мұндай біржолғы аннуляция АҚШ тарихындағы ең ірісі болып, заңды даулар туғызуы әбден мүмкін.

Мемлекеттік департамент алдағы апталарда 2016-2026 жылдар аралығында берілген B1 және B2 санаттарындағы визалардың жойылатынын жариялайды деп күтілуде. Бұл шаралар Ішкі қауіпсіздік министрлігімен бірлесіп жүзеге асырылады.

Мемлекеттік департамент өкілі Томми Пиготт: «Біз Ішкі қауіпсіздік министрлігімен бірлесіп, қысқа мерзімді сапар үшін келгенін мәлімдеп, кейін тұрақты тұру үшін баспана сұраған шетелдіктердің иммиграциялық емес визаларын анықтап, жоюды үйлестіріп жатырмыз», — деді.

Визалардың жойылуы міндетті түрде дереу депортацияға әкелмейтінін ресми өкілдер атап өтті. Баспана істері қаралып жатқан адамдардың көпшілігі басқа санатқа ауыстырылады, бірақ іскерлік немесе туристік саяхатшы мәртебесінен айырылады.