Қазақстан Ұлттық банкі алаяқтық белгілері бар төлем операциялары туралы ақпарат жинауды кеңейтуді жоспарлап отыр. Реттеуші есептіліктің жаңа нысандарын енгізіп, жиналатын деректердің жиілігін арттырмақ, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Негізгі жаңалықтардың бірі алаяқтық операцияларға қатысты. Ұлттық банк әкімшілік деректердің екі жаңа нысанын енгізуді ұсынады: біріншісінде алаяқтық белгілері бар төлем транзакциялары туралы мәліметтер, екіншісінде — Ұлттық банктің Антифрод-орталығы аясындағы осындай операциялар туралы деректер болады. Екі нысанды да ай сайын ұсыну жоспарлануда.

Сонымен қатар, реттеуші электрондық терминалдардың саны, төлем ұйымдары операцияларының саны мен көлемі, сондай-ақ кіріс және шығыс трансшекаралық операциялар туралы мәліметтерді тоқсан сайын емес, ай сайын жинауға көшуді қалайды.

Қаржы мониторингіне қатысты ақпаратты да жиі алу жоспарлануда. Қылмыстық кірістерді жылыстатуға, терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жоятын қаруды таратуға қарсы іс-қимыл шаралары туралы мәліметтерді жарты жылда бір рет емес, тоқсанына бір рет ұсыну ұсынылады. Клиенттерге берілген тәуекел деңгейлері туралы деректер үшін де осындай мерзімділік қарастырылған.

Ұлттық банктегілер өзгерістерді алаяқтық белгілері бар анықталған транзакциялар, оның ішінде Антифрод-орталық аясындағы операциялар бойынша статистика жинау қажеттілігімен түсіндіреді. Есептілікті жиі алу ақпараттың жеделдігі мен толықтығын арттыруы тиіс. Реттеуші талаптардың сақталуын бақылауды жақсартуға, тәуекелдер мен ауытқуларды тезірек анықтауға және қажет болған жағдайда қадағалау шараларын қолдануға есептейді.

Әзірге бұл тек жоба. Құжат «Ашық НҚА» порталында орналастырылған және 1 қыркүйекке дейін қоғамдық талқылауда болады.