Әлеуметтік желіде Ақсу қаласы әкімінің орынбасары Ризагүл Негманованың қарындасының соттылығы бар екені туралы ақпарат тарады. Бұл мәліметке Павлодар облысы әкімдігі түсінік берді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
«Президентке хаттар» Telegram-арнасында тараған хабарламада Ақсу әкімінің орынбасары Ризагүл Негманованың туған қарындасы 2023 жылы сыбайлас жемқорлық үшін сотталғаны айтылған. «Сыбайлас жемқорлық туралы» заңға сәйкес, жақын туысы сотталған басшы мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайды», — делінген мәтінде. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінен тексеру жүргізіп, тиісті шаралар қолдануды сұраған.
NUR.KZ тілшісіне Павлодар облысы әкімдігінің хабарлауынша, Ақсу қаласы әкімінің орынбасары Ризагүл Негманова 2009 жылдан бері үздіксіз мемлекеттік қызметте, ал қазіргі лауазымында 27.08.2025 жылдан бері жұмыс істейді.
«Оның туған қарындасы шынымен де 2023 жылдың ақпан айында қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Алайда заңнама талаптарына (ҚР «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңының 2015 жылғы редакциясындағы 16, 61-баптары (қызметке кіру және тоқтату шарттары), қолданыстағы редакциядағы 21, 67-баптары), сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптарына сәйкес, жақын туыстың соттылығы мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге кедергі болып табылмайды», — деп түсіндірді ведомствоның баспасөз қызметі.
Жалпы, мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы қолдану және тиісті нормаларды түсіндіру мәселелері бойынша облыс әкімдігі ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментіне жүгінуді ұсынды, ол осы саладағы уәкілетті орган болып табылады.


