Ақтауда кәмелетке толмаған балалардың еміне қосымша шығыс өндіру туралы дау бітімгершілік келісіммен аяқталды: әке әр балаға ай сайын белгілі бір мөлшерде ақша төлеуге міндеттенді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Маңғыстау облысы соттарының ресми Telegram-арнасында мәлім болғандай, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта әйелдің еркекке қояр талабы — кәмелетке толмаған балалардың еміне байланысты қосымша шығысқа алимент өндіру туралы азаматтық іс қаралды.
Сот талқылауы барысында тараптардың 2020 және 2023 жылы туған екі кәмелетке толмаған баласы бар екені анықталды. Олар анасымен бірге тұрады және үнемі емделу мен оңалтуға мұқтаж. Балалар логопед-дефектолог пен психологтың сабақтарына қатысады, логомассаж, емдік және бейімдеу дене шынықтыруын алады.
Балаларды үнемі емдеу мен оңалту қажеттілігіне байланысты анасы сотқа олардың еміне байланысты қосымша шығысты өтеу туралы талап қойды.
Бітімгершілік рәсімдері барысында тараптар өзара келісімге келіп, соттан араларында жасалған бітімгершілік келісімді бекітуді жазбаша сұрады.
Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексінің 144-бабына сәйкес ата-ана көмекке мұқтаж кәмелетке толмаған балаларды асырау мен емдеуге кететін қосымша шығысқа қатысуға міндетті.
Соттың 2026 жылғы 14 тамыздағы ұйғарымымен тараптар арасында жасалған бітімгершілік келісім бекітілді.
Бітімгершілік келісімнің шарттарына сәйкес жауапкер балалардың еміне байланысты қосымша шығысты тұрақты ақшалай сомамен — әр балаға ай сайын 35 айлық есептік көрсеткіш (2026 жылы 151 375 теңге) мөлшерінде, яғни барлығы 302 750 теңге төлеуге, олар кәмелетке толғанға дейін міндеттенді.
Сот ұйғарымы заңды күшіне енді.


