2025 жылы «Ақтау халықаралық әуежайы» басқарма мүшесі Меруерт Жолдыбаева компаниядан 31 млн теңгеге жуық төлем алған. Бұл әуе кәсіпорнының шығынмен жұмыс істеуі аясында орын алды: жыл қорытындысы бойынша үздіксіз қызметтен түскен шығын 315,7 млн теңгені құраса, бір жыл бұрын 616,5 млн теңге пайда тіркелген еді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жолдыбаева басқарма құрамында 2021 жылдың қыркүйегінен бері жұмыс істейді. Төрт жыл ішінде оның жыл сайынғы сыйақысы жиынтығында 6,3%-ға, яғни 1,8 млн теңгеге өскен. Барлығы 2022–2025 жылдар аралығында топ-менеджерге 119,2 млн теңге төленген, оның ішінде: 2022 жылы — 29 141 786 теңге, 2023 жылы — 29 060 613 теңге, 2024 жылы — 30 053 303 теңге, 2025 жылы — 30 986 835 теңге. Орташа есеппен бұл айына шамамен 2,58 млн теңгені құрайды.
Әуежайдың шығынға ұшырауы жалпы пайданың 16,1%-ға (933,9 млн теңгеден 783,9 млн теңгеге дейін) төмендеуінен және шығындардың күрт өсуінен болды. 2025 жылы компанияның әкімшілік шығындары 34%-ға өсіп, 817,8 млн теңгеге жетсе, басқа операциялық шығындар 52,1%-ға — 188,1 млн теңгеге дейін өскен. Қосымша ауыртпалықты 2024 жылы болмаған 351,2 млн теңге көлеміндегі қаржылық шығындар тудырды. Оларды тек ішінара 226,3 млн теңге көлеміндегі қаржылық кірістер өтеді.
Ақтау халықаралық әуежайының активтері 2025 жылдың қорытындысы бойынша 4,7 млрд теңгеге өсіп, 15,8 млрд теңгеге жетті. Ал компанияның міндеттемелері 5,1 млрд теңгеге артып, 8,2 млрд теңгені құрады.
2008 жылдан бастап әуежай түрік холдингі YDA Holding-тің сенімгерлік басқаруында. Инвестордың жұмыс істеуі кезінде жылдық жолаушы ағыны 360 мыңнан 1,2 миллион адамға дейін өсті. Холдинг 2030 жылға қарай Ақтау арқылы жүк тасымалы көлемін жылына 3 мың тоннадан 100 мың тоннаға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Қазақстанда YDA Holding Түркістан әуежайының құрылысына да қатысқан.


