Ақтауда кәсіпкер сауда нүктесінің ашылуына орай балаларға тегін балмұздақ пен йогурт үлестіргені үшін айыппұл төледі, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Оқиға 1 тамызда 14 шағын ауданында болды. Кәсіпкер 50 порция балмұздақ пен 30 йогурт таратқан. Акциядан кейін нысан иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды, бұл 86 500 теңгені құрайды.
Қалалық әкімдік мұндай бастамаларға қарсы емес екенін айтып, заң талаптарын сақтау қажеттігін атап өтті. "Біз кәсіпкерлердің бұл бағыттағы бастамаларына қарсы емеспіз. Алайда өнімді тегін тарату қолданыстағы заңнама талаптарын сақтай отырып жүргізілуі тиіс", - деді әкімдікте.
Ведомство мұндай іс-шараларды өткізу алдында жергілікті атқарушы органнан рұқсат алу қажеттігін түсіндірді. "Осындай іс-шараларды ұйымдастыру алдында жергілікті атқарушы органнан тиісті рұқсат алу, сондай-ақ балаларды қуантудың басқа да қауіпсіз және заңды жолдарын қарастыру қажет. Мұндай акциялар кезінде адамдардың көп жиналуы әртүрлі жағымсыз жағдайларға әкелуі мүмкін", - деп қосты әкімдік.
Жарияланымда мұндай акциялардың бұрын да абыр-сабырға әкелгені еске салынды. Мәселен, былтырғы 1 маусымда Ақтаудағы Толқын-1 шағын ауданында балмұздақ пен мақта кәмпитін тегін тарату абыр-сабыр тудырған еді.
Бұған дейін Ақтауда кәсіпкердің әкімдік рұқсатынсыз жаппай іс-шара кезінде гүлдерді тегін таратқаны үшін айыппұл алғаны хабарланған болатын.


