Ақтауда бала қайтыс болған соң балалар хирургі қамауға алынды. Маңғыстау облысы полиция департаменті дәрігердің ұсталуына ресми түсініктеме берді. Медикті кәсіби міндеттерін тиісінше орындамады деп күдіктеніп отыр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Полиция дерегінше, облыстық аурухана дәрігерлері баланы диагностикалау мен емдеу кезінде қателік жіберген. Науқастың жағдайы күрт нашарлаған соң ол санавиациямен Алматыға жедел жеткізілді. Алайда дәрігерлердің әрекетіне қарамастан баланы аман алып қалу мүмкін болмады — ол ауруханада көз жұмды.
«Комиссиялық сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, кәмелетке толмаған балаға медициналық көмек көрсету барысында асқынулардың дамуына ықпал етуі мүмкін кемшіліктер анықталды», — деп келтіреді басылым полицияның жауабын.
Полицияда сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатқанын, болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін шаралар кешені жүргізіліп жатқанын түсіндірді.
Сонымен қатар Маңғыстау көпбейінді ауруханасы директорының орынбасары Үміт Ілиясова ұсталған хирургті қолдап шықты. Бұл туралы ол Facebook-тегі парақшасында Денсаулық сақтау министрлігі мен Ішкі істер министрлігіне жолдаған үндеуінде жазды.
«Мыңдаған баланы аман алып қалған балалар хирургі ұсталды. Әріптестердің айтуынша, тағы басқаларын да ұстамақ. Маңғыстау облысында қайтадан құқықтық озбырлық белең алып тұр. Айғақ беруге шақырған болып, ұстап кетті, адвокатымызға хабарламады. Ұстауға ешқандай негіз жоқ», — деп жазды ол.
Хирург бейсенбіде, 1 қазанда, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 128-бабы (Ұстау негіздері) бойынша ұсталғаны хабарланды. Қазір дәрігер тергеу изоляторында отыр.


