Маңғыстау облысында төрт адамның өмірін қиған жол-көлік оқиғасы болды. Оқиға фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Маңғыстау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі нақтылағандай, қайғылы оқиға 16 қыркүйекте сағат 20:30 шамасында республикалық маңызы бар Ақтау — Бейнеу автожолында болған. Апатқа екі Toyota Camry маркалы көлік қатысқан.
«Алдын ала деректер бойынша, Жетібай ауылынан Шетпе ауылына қарай келе жатқан Toyota Camry жүргізушісі жүріс бөлігінде тұрған түйеге соқтығысқан. Соқтығыстан кейін көлік қарсы жолаққа шығып, қарсы бағытта келе жатқан Toyota Camry-мен соқтығысқан», — деді Маңғыстау облыстық полиция департаментінде.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан төрт адам алған жарақаттарынан оқиға орнында қаза тапты. Тағы төрт адам түрлі жарақатпен медициналық мекемеге жеткізілді.
Осы факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. Көлік құралдары арнайы тұраққа қойылды. Қажетті сараптамалар тағайындалды.
Тергеу жалғасуда. Оқиғаның барлық мән-жайы, оның ішінде жануардың иесі анықталуда.


