Ақтауда "Sax Invest" қаржы пирамидасын құруға және оған басшылық етуге қатысты ұйымдасқан қылмыстық топтың сегіз мүшесіне үкім шығарылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, ұйымдастырушылар инвестициялық қор ретінде бағалы қағаздарға, қаржы құралдарына және басқа да активтерге салым ұсынып, сонымен қатар Африка елдерінде алмаз өндіру жөніндегі халықаралық жобаға қатысатындарын мәлімдеген. 2018-2022 жылдар аралығында қылмыстық схемаға Астана, Ақтөбе, Орал және Ақтаудан мыңнан астам салымшы тартылған. Тартылған қаражаттың жалпы сомасы 9 миллиард теңгеден асты.

«Тергеу барысында салымдардың едәуір бөлігі компания шоттарына емес, ұйымдастырушылардың жеке шоттарына аударылғаны анықталды. Кейін бұл ақша жеке мақсаттарға, оның ішінде құмар ойындарға, пәтер сатып алуға, жеке үй салуға және басқа да қажеттіліктерге жұмсалды», – деді ведомствода.

Сот ұйымдасқан топтың сегіз мүшесін кінәлі деп танып, оларды 6-7 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Мемлекет кірісіне жеке үй мен цифрлық активтер тәркіленді. Сондай-ақ азаматтық талаптардың орындалуын қамтамасыз ету үшін сотталушылардың екі автокөлік, екі пәтер және жер телімі сынды мүлкіне салынған тыйым сақталады. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, 2024 жылдың қарашасында Маңғыстау облысы бойынша ҚМА департаменті «Sax Invest» қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін басқарған бір топ адамға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізген. 2018-2022 жылдары пирамида салымшылары 1000 адамнан асқаны айтылды.