Ақтауда Каспий теңізі жағалауында Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Әскери-теңіз күштері оқу-жаттығуы кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің туыстары қалалық мәйітханаға келіп, мәйіттерді анықтауды талап етті. Оқиға орнынан түсірілген кадрларды ақтаулық блогер Азамат Сарсенбаев жариялады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Блогер Instagram парақшасында Ақтау қалалық мәйітханасының жанында қазір болып жатқан жағдайды көрсетті.

«Жүздеген адам, туыстар мен жақындар мәйітхана кіреберісінің алдына жиналып, сарбаздардың мәйіттерін анықтауды талап етуде. Қазіргі таңда жергілікті билік өкілдері қаза тапқан сарбаздардың мәйіттерін тұрғылықты жеріне жеткізуге дайындық жүргізуде (мәйіттерді мәйітханада тікелей бермейді). Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Ниязовтың уәде етуінше, сарбаздардың мәйіттері туыстарына тұрғылықты жеріне қысқа мерзімде жеткізіліп беріледі», — делінген хабарламада.

Қайғылы оқиға 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында болды. Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы барысында оқу-жауынгерлік міндетті орындау кезінде Каспий теңізінің жағалауында метеорологиялық жағдайдың күрт нашарлауы мен желдің күшеюі салдарынан әскери қызметшілер теңізге ағызылып кетті.

Қорғаныс министрлігінің алдын ала мәліметінше, теңізге 19 әскери қызметші ағызылып кеткен. Қазіргі уақытта 9 әскери қызметшінің қаза тапқаны тіркелді. Бас прокуратура Ақтау гарнизонында қылмыстық іс қозғалып, тергеліп жатқанын хабарлады.

Әскери қызметшілердің қаза табуынан кейін үкіметтік комиссия құрылып, төтенше оқиға орнына Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев жіберілді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысында әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты көңіл айтып, қайғылы оқиғаны тергеу жөнінде тапсырмалар берді.

Ақтауда қала күніне орай мерекелік іс-шаралар тоқтатылды. Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қыркүйекті Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

24 қыркүйек кешінде Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың басшылығымен комиссия Маңғыстау облысына келді.