Ақтауда жеке кәсіпкер жалған тіс пастасын сатқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды — айыппұлдың түпкілікті сомасы 90 825 теңгені құрады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Маңғыстау облысы соттарының ресми Telegram-арнасында жазылғандай, Ақтау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты жеке кәсіпкерге қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 158-бабы — «Бөтеннің тауар белгісін, қызмет көрсету белгісін, географиялық нұсқауын және тауар шығарылған жердің атауын заңсыз пайдалану» бойынша істі қарады.

Сот анықтағандай, 2026 жылғы 30 қыркүйекте Маңғыстау облысы әділет департаментінің қызметкерлері азаматтың өтініші негізінде жүргізілген жоспардан тыс тексеру барысында жеке кәсіпкердің жалған тіс пастасын заңсыз сатқанын анықтады.

Сот отырысында құқық бұзушы кінәсін мойындап, өзіне неғұрлым жеңіл жаза қолдануды сұрады.

Кәсіпкердің кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, түсініктемемен, тексеру жүргізу туралы актімен, заттай дәлелдемелермен және өзге де құжаттармен расталады.

Жаза тағайындау кезінде сот жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайларды — кінәні мойындауды, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылықтың алғаш рет жасалуын ескерді; іс бойынша ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

Осыған байланысты 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі (129 750 теңге) айыппұл 30%-ға қысқартылып, кәсіпкерге заттай дәлелдемелерді тәркілеумен бірге түпкілікті 90 825 теңге тағайындалды.

Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.