Ақтау тұрғыны липосакциядан кейін туындаған ауыр асқынуларға байланысты сотқа жүгінді. Тексеру барысында клиникада бірқатар бұзушылықтар анықталды, деп хабарлайды infohub.kz.

Ақтау тұрғыны жеке клиникада жасалған липосакциядан кейін азаматтық талап-арызбен сотқа жүгінді. Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаменті жүргізген тексеру бірқатар бұзушылықтарды, оның ішінде хирургиялық операцияларды жүргізуге лицензияның жоқтығын анықтады.

Жоспардан тыс тексеру нәтижелерін Маңғыстау облысы бойынша Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаментінің басшысы Нұрсұлу Мұхамбетярова жария етті.

«Тексеру нәтижелері бойынша бірқатар бұзушылықтар анықталды — хирургиялық көмек стандарттарын сақтамау, лицензиялау нормаларын бұзу және мерзімі өткен дәрілік заттарды қолдану. Тексеру кезінде клиникада жарамдылық мерзімі сәуірде аяқталған дәрілердің болуы анықталды. Бұзушылықтарды жою үшін бір ай мерзім берілді», — деді Нұрсұлу Мұхамбетярова.

Тексеру қорытындысы бойынша медициналық мекеме басшылығына лицензиялау нормаларын бұзғаны, медициналық көмек көрсету стандарттарын сақтамағаны және фармацевтикалық қызмет ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік хаттамалар жасалды. Айыппұлдардың жалпы сомасы шамамен 700 мың теңгені құрады.

Департамент басшысының түсіндіруінше, клиниканың пластикалық хирургия саласында тек амбулаториялық-емханалық көмекке лицензиясы болған. Бұл консультациялар өткізуге мүмкіндік берген, алайда хирургиялық операцияларды жасауға құқық бермеген.

«Клиникада „Ересек тұрғындарға стационарды алмастыратын медициналық көмек — пластикалық хирургия“ бейіні бойынша медициналық қызметті жүзеге асыруға лицензияға қосымша жоқ. Медициналық құжаттамаға, мамандардың түсініктемелеріне және жоспардан тыс тексеруге тартылған тәуелсіз сарапшының қорытындысына сәйкес, көрсетілген медициналық көмек Қазақстан Республикасының қолданыстағы хирургиялық және анестезиологиялық көмек стандарттарына сәйкес келмеген. Хирургиялық техниканың төмен сапасы мен операциядан кейінгі күтімнің жеткіліксіздігі асқынудың — іш алдыңғы қабырғасының флегмонасының дамуымен тікелей себеп-салдарлық байланыста екені анықталды», — делінген пациент Камила Нұржан бөліскен тексеру материалдарында.

Тексеру актісі құқықтық бағалау үшін Маңғыстау облысының полиция департаментіне жіберілді. Сонымен қатар, құжат операциялық блок пен реанимация бөлімшесінің санитарлық талаптарға сәйкестігін тексеру үшін санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне берілді.

Камила Нұржанның өзі полицияға жүгініп, материалдық және моральдық зиянды өтеуді талап етіп, азаматтық талап-арыз бергенін хабарлады.

«Қазір емделу мен қалпына келуді жалғастырып жатырмын. Операция мен ауыр қабыну процесінен кейін ағза қатты әлсіреді, гемоглобин деңгейі 83 бірлікке дейін төмендеді. Тағайындалған емді қабылдап, қан көрсеткіштерін қалпына келтіріп, дәрігерлердің бақылауындамын. Операцияның салдары әлі де байқалады, сондықтан қалпына келу процесі әлі аяқталған жоқ. Көрінетін тыртықтар қалды, ірің әлі де бар. Ал клиника Instagram аккаунтын ауыстырып, жұмысын жалғастыруда», — деді ол.

Бұған дейін Камила Нұржан Ақтаудағы жеке клиникалардың бірінде липосакциядан кейін ауыр іріңді қабынумен шұғыл түрде ауруханаға жатқызылғанын мәлімдеген.