Актауда емделушілерге Қазақстанда тіркелмеген дәрілерді егіп келген медициналық орталықтың қызметі тоқтатылды. Жоспардан тыс тексеру кезінде күмәнді құрамдағы сауықтыру тамшылатқыштары анықталды. Мамандар 240-қа жуық дәрілік затты тәркіледі, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Тексеруге себеп болған – облыстық фармацевтикалық бақылау департаментіне бір әйелдің шағымы. Бір процедурадан кейін ол нәтижеге көңілі толмай, ақшаны қайтаруды талап еткен, бірақ бас тартылған. Тексеру барысында екі процедуралық кабинетте емделушілерге мемлекеттік тіркеуден өтпеген, сапа мен қауіпсіздік сертификаттары жоқ дәрілермен сауықтыру және жасару тамшылатқыштары жасалғаны анықталды. Сот медициналық мекемеге 600 мың теңгеден астам айыппұл салып, қызметін бір айға тоқтатты.
«Ұйым сұлулық салоны ретінде жұмыс істеп, денсаулықты нығайту қызметін жарнамалаған. Аталған мекемедегі медицина қызметкерлері лицензиясыз жұмыс істеген. Осыған байланысты Департамент қосымша әкімшілік айыппұл салды», – деді Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаменті басшысының орынбасары Ерлан Төлепберген.


