Ақтаудағы медициналық орталық тіркелмеген медициналық бұйымдарды қолданғаны үшін 605 500 теңге айыппұл төлеп, лицензиясы бір айға тоқтатылды, деп хабарлайды infohub.kz.
Ақтау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі соты тіркелмеген медициналық бұйымдарды қолданған медициналық орталыққа қатысты істі қарады. Маңғыстау облысы бойынша денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің департаменті пациенттің шағымы бойынша тексеру жүргізді.
Өтініш беруші өз шағымында 2026 жылы 18 мамырда аталған медициналық орталыққа келіп, медициналық қызмет алғанын, алайда қызметтен кейін денсаулығы нашарлағанын жеткізді. Тексеру кезінде тіркелмеген медициналық бұйымдарды қолдану фактісі расталды.
Әкімшілік жаза тағайындау кезінде сот істің мән-жайын, кінәні толық мойындағанын және жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайларды ескеріп, әкімшілік айыппұл мөлшерін 30 пайызға азайтты. Нәтижесінде медициналық орталыққа 605 500 теңге айыппұл салынды. Сонымен қатар медициналық қызметке арналған лицензия бір айға тоқтатылды.
Сондай-ақ сот әкімшілік құқық бұзушылықтың нысаны болған дәрілік заттарды тәркілеп, жою туралы шешім шығарды. Сот қаулысы әлі заңды күшіне енген жоқ.


