Ақтаудағы кейбір мектептерде оқу сыныптары оқу жылының басталуына толық дайын емес болып шықты. Қалалық білім бөлімі бұл жағдайды түсіндірді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Басылымның хабарлауынша, оқудың алғашқы күндерінде Ақтаудағы бірқатар мектепте балаларды оқытуға сыныптарды дайындауда кемшіліктер анықталды. Білім бөлімінде барлық мәселе бақылауда екенін мәлімдеді.
Атап айтқанда, мамандандырылған IT-лицейде ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталмағандықтан, оқу процесі уақытша онлайн форматқа ауыстырылды. Бұл шешім оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қабылданды. Қазір жөндеу жұмыстары жалғасуда, білім бөлімі жақын арада мәселені толық шешетініне уәде берді.
№1 мектепте 45-кабинетке байланысты қолайсыздықтар туындады. Қажетті жұмыстар қазірдің өзінде жүргізілуде және жақын арада аяқталуы тиіс.
№10 мектепте жаңа парталарды жеткізу мәселесі бақылауға алынды. Білім бөлімінің мәліметінше, қажетті жиһаз жақын арада жеткізіледі.
№16 мектепте де ағымдағы жөндеуге байланысты жекелеген проблемалар туындады. Қазір анықталған кемшіліктер жойылуда.
Білім бөлімінде жекелеген мектептерде жұмыстарды аяқтау мерзіміне ұйымдастыру мәселелері, сондай-ақ білім беру ұйымдарының қызметкерлерін тамыз айында өткен республикалық деңгейдегі маңызды іс-шараларды дайындауға және өткізуге тарту әсер еткенін түсіндірді.
Басылымның дерегінше, жауапты тұлғаларға анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жою бойынша нақты тапсырмалар берілген.
Ведомство оқушылардың қауіпсіздігі мен сапалы білім алуына қажетті жағдай жасау басым бағыт болып қалатынын атап өтті. Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін барлық мектепте оқу процесі әдеттегі режимде жалғасады деп күтілуде.


