Ақтауда демалыс базасының аумағында шамамен 80 шаршы метр жерді шарпыған өрт болды, деп хабарлайды infohub.kz.

Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт 19 шілдеде «Золотое Солнышко» демалыс базасының ауданында орналасқан «Shahristan» қонақ үй кешенінің аумағында болған. ТЖД-нің нақтылауынша, мейрамхананың шатыры жанған. Құтқарушылардың дерегінше, зардап шеккендер жоқ.

«Өрт туралы хабарлама келіп түскен соң, оқиға орнына полиция қызметкерлері дереу жетті. Төтенше жағдай қызметтері келгенге дейін полицейлер қауіпті аумақты қоршауға алып, өрт сөндіру көліктерінің кедергісіз өтуін ұйымдастырды, қоғамдық тәртіпті сақтап, азаматтардың қауіпсіздігі үшін қажетті шараларды қолданды. Полиция қызметкерлерінің үйлесімді әрі жедел әрекетінің арқасында қауіпті аймақта адамдардың жиналуына жол берілмей, құтқару қызметтерінің кедергісіз жұмыс істеуіне жағдай жасалды», — делінген ведомство хабарламасында.