Ақтауда кейбір мектептерде сабақ кешкі сегізден кейін аяқталатынына ата-аналар наразылық білдіруде. Бұл жағдайға қалалық білім бөлімі түсініктеме берді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Жарияланған кестеге сәйкес, екінші ауысымдағы соңғы жетінші сабақ 20:05-те аяқталады. Ақтау қалалық білім бөлімі тәрбие ісі жөніндегі сектор меңгерушісі Гаухар Тілеуқұлова кейбір мектептерде екінші ауысымның соңғы сабағы шынымен осы уақытта аяқталатынын растады. Ол сабақтың аяқталу уақыты оқу жүктемесі мен жасалған кестеге байланысты екенін түсіндірді.

Ақтауда барлығы 36 мемлекеттік жалпы білім беретін мектеп бар. Оның 35-і екі ауысымда жұмыс істейді, ал №31 мектепте оқу процесі үш ауысымда ұйымдастырылған. Гаухар Тілеуқұлова екінші және үшінші тоқсандарда сабақ ұзақтығы 45 минуттан 40 минутқа қысқаратынын жеткізді. Бұл екінші ауысымда оқитын оқушылардың үйге қайту уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, шенеунік басқа мектептерде үшінші ауысымды енгізу мүмкіндігіне түсініктеме берді. Ол қазіргі уақытта үш ауысымды оқыту тек №31 мектепте (17 шағын аудан) оқушылар санының көптігіне байланысты ұйымдастырылғанын атап өтті. Қаланың қалған мектептерінде үшінші ауысымды енгізу жоспарланбаған.