Ақтауда жергілікті тұрғын қоғамдық орынды ластағаны үшін жауапкершілікке тартылды. Оқиға 2026 жылдың тамыз айында болған. Ер адам 17 шағын аудандағы №99 үйдің жанына пиротехникалық бұйымдардың қалдықтарын тастаған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Маңғыстау облысы соттарының ресми Telegram-арнасында хабарланғандай, іс Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-2-бабының 1-бөлігі бойынша қаралды. Азамат Н. белгіленбеген жерге коммуналдық қалдықтарды тастау, яғни ортақ пайдалану орындарын ластағаны үшін кінәлі деп танылды.
Сот отырысында Н. өз кінәсін мойындап, бұдан былай мұндай бұзушылықтарға жол бермейтінін айтып, соттан қатаң жаза тағайындамауды сұрады. Құқық бұзушының кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, жауап алу хаттамасымен және іс материалдарына қоса тіркелген бейнежазбамен толық дәлелденді.
ҚР ӘҚБтК-нің 434-2-бабының 1-бөлігіне сәйкес, мұндай құқық бұзушылық үшін он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл немесе қырық сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы қарастырылған. Сот кінәні толық мойындауды, тұрақты жұмыс орнының болмауын және құқық бұзушылықтың алғаш рет жасалғанын ескеріп, Н.-ға қысқартылған тәртіпте 30 275 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл тағайындады.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.


