Ақтау тұрғыны емдеу жоспарында қарастырылмаған үш имплант қойылған стоматологиялық клиникадан сот арқылы ішінара өтемақы өндіріп алды. Жалпы өндірілген сома 398 829 теңгені құрады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Оқиға жалпы ингаляциялық наркозбен тіс емдеуден кейін басталды. Ер адам клиникаға кариес пен пульпитті емдеу үшін барғанын, алайда процедурадан кейін оған үш имплант қойылғанын анықтағанын мәлімдеді. Клиника болса, имплант қою науқаспен алдын ала келісілгенін алға тартты.
№2 соттың шешіміне сәйкес, 2025 жылдың қарашасында ер адам стоматологиямен қызмет көрсетуге шарт жасасқан. Емдеу жоспарында бірнеше тістің терең кариесін және пульпитті жалпы ингаляциялық наркозбен емдеу көрсетілген. Имплант қою шартта қарастырылмаған.
Терапевт дәрігер жүргізген отаны ортопед-имплантолог дәрігер жалғастырды. Нәтижесінде науқасқа үш имплант қойылды. Имплант қойылғанын тараптар сотта жоққа шығарған жоқ.
«Сот осы үш имплантты қою бойынша медициналық қызмет көрсетуге жеке шарт жасалмағанын анықтады. Ақылы медициналық қызмет көрсету үшін шарт жасасу міндетті шарт болып табылады. Клиника өкілдері дәрігерлер мен науқастың арасында имплант қою туралы ауызша келісім болғанын алға тартты. Сондай-ақ жауапкер WhatsApp-тағы хат алмасуды да көрсетті. Алайда сот бұл дәлелдерді қабылдамады. Дәрігерлердің келісім болғаны туралы куәлік көрсетпелерін сот жеткілікті деп танымады, ал WhatsApp-тағы хат алмасудан, шешімге сәйкес, тараптардың шарттың барлық елеулі талаптары бойынша келісімге келгенін анықтау мүмкін болмады», — делінген жарияланымда.
Кейін қойылған импланттар алынып тасталғаны белгілі болды. Облыстық стоматологиялық орталықтың медициналық картасына сәйкес, 2025 жылдың 17 желтоқсанында науқастың импланттары алынып, антибиотиктер мен басқа да дәрілерді қамтитын ем тағайындалды. Сол күні ер адам дәрі-дәрмекке 7 277 теңге жұмсады.
«Бұл соманы сот материалдық залал деп танып, клиникадан өндіруге шешім қабылдады. Ол сондай-ақ 5 млн теңге көлемінде моральдық зиян өтемақысын талап етті. Сот бұл талапты ішінара қанағаттандырып, өтемақыны 350 мың теңге етіп белгіледі. Науқас сондай-ақ алынған импланттар мен қақпақтардың орнына болашақта имплант қоюға 1,296 млн теңге өндіруді сұрады. Бұл бөлікте сот талапты қанағаттандырудан бас тартты, өйткені аталған шығыстар болжамды болып, іс қаралған кезде іс жүзінде жұмсалмаған», — деп қосты басылымда.
Қорытындылай келе, сот стоматологиядан оның пайдасына: 7 277 теңге материалдық залал, 350 000 теңге моральдық зиян өтемақысы, 41 552 теңге сот шығыстарын өндіруге шешім қабылдады. Жалпы өндірілген сома 398 829 теңгені құрады. Талап арыздың қалған бөлігінде сот бас тартты.
Бұған дейін Астана тұрғыны бір стоматологияда уәде етілген, бірақ көрсетілмеген қызметтер үшін қаражатты ішінара қайтаруға қол жеткізгенін хабарлаған болатынбыз.


