Ақтауда қалалық сот әйелді заңсыз қадағалау туралы іс бойынша ер адамға айыптау үкімін шығарды — оған 100 сағат қоғамдық жұмыс тағайындалды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Маңғыстау облысы соттарының ресми Telegram-арнасында көрсетілгендей, Ақтау қалалық соты адамның еркіне қарсы байланыс орнатуға және (немесе) оны іздестіруге бағытталған, зорлық-зомбылыққа ұласпаған, алайда елеулі зиян келтірген әрекеттермен көрінетін заңсыз қадағалауға айыпталған адамға қатысты қылмыстық істі қарады (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 115-1-бабы).
Сот 2026 жылдың тамызынан қазанына дейінгі кезеңде сотталушы жәбірленушіге қатысты құқыққа қайшы әрекеттер жасағанын анықтады: оны қадағалап, үйіне келіп, пәтер есігін қаққан, оның пәтерінің үстінде орнатылған бейнекамераның флеш-жинақтауышын шешіп алып кеткен, интернетті өшірген, сондай-ақ оны WhatsApp арқылы қоңыраулар мен хабарламалармен бірнеше рет мазалаған.
Осы әрекеттердің салдарынан оның конституциялық құқықтары мен бостандықтары бұзылды.
Прокурор сотталушыны кінәлі деп танып, оған 25 тәулік мерзімге қамау түріндегі жаза тағайындауды сұрады.
Сотталушы өзіне тағылған айыпты толық мойындап, кешірім сұрады және оған неғұрлым жеңіл жаза тағайындауды өтінді.
Жәбірленуші сотталушыны кешірмейтінін мәлімдеп, оған қатаң жаза тағайындауды сұрады. Сот жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде сотталушының кінәсін толық мойындауы мен өкінуін таныды.
Іс бойынша жауапкершілік пен жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Сот үкімімен ер адам Қылмыстық кодекстің 115-1-бабы бойынша кінәлі деп танылып, оған 100 сағат қоғамдық жұмыс түріндегі жаза тағайындалды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.


