Ақтауда мас күйінде көлік басқарғаны үшін ұсталған әйел әкімшілік қамаудан құтылу үшін сотқа жалған жүктілік туралы медициналық анықтама ұсынған. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Маңғыстау облыстық прокуратурасының мәліметінше, полиция қызметкерлері әйелді мас күйінде көлік жүргізіп бара жатқан жерінен тоқтатқан. Бұл құқық бұзушылық үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде 15 тәулікке қамауға алу және көлік құралын басқару құқығынан 7 жылға айыру жазасы қарастырылған.
Істі қарау барысында бұзушы сотқа жүктілігін растайтын медициналық құжат ұсынған. Осы анықтаманың негізінде сот оны әкімшілік қамаудан босатып, тек қосымша жаза – жүргізуші куәлігінен 7 жылға айыру жазасын тағайындаған.
Алайда Ақтау прокуратурасы жүргізген тексеру ұсынылған анықтаманың жалған екенін анықтады. Прокурордың наразылығы бойынша Маңғыстау облыстық соты бірінші сатыдағы соттың қаулысын өзгертіп, 15 тәулікке қамауға алу жазасын тағайындады.
Медициналық құжатты жалған жасау және оны пайдалану фактілері бойынша медицина қызметкері мен әйелге қатысты Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 385-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.


