Ақтөбеде белгілі адвокат алаяқтыққа оқталу және пара беруге азғызу үшін төрт жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
NUR.KZ агенттігі «Диапазон» басылымына сілтеме жасап хабарлағандай, іс материалдарында Г.Р. деп көрсетілген адвокатқа қатысты қылмыстық іс Ақтөбе сотында қаралды.
Айыптау бойынша, басқа іс бойынша сотталған адам жазасының өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түріне ауыстыру туралы өтініш берген. Бұл туралы сот пен прокуратурада таныстары бар адвокат біліп, сотталған адамға мәселені шеше алатынын айтқан, алайда ол үшін 5 млн теңге қажет болған.
Ақшаны адвокат алған соң ұсталды. Басылым хабарлағандай, оның судьямен және прокурормен ешқандай келісімі болмаған, миллиондарды өзіне қалдырмақ болған.
Сотта адвокат алаяқтыққа оқталу бойынша кінәсін мойындап, бас бостандығынан айырылмауды сұрады. Сот оны екі бап бойынша да кінәлі деп танып, 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті және мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойы айырды.


