22 шілдеде Ақтөбе мен Атырауда қолайсыз метеожағдайлар күтіледі, деп хабарлайды infohub.kz Қазгидрометке сілтеме жасап.

Синоптиктердің мәліметінше, күндіз Ақтөбеде, ал түнде Атырауда қолайсыз метеожағдайлар (ҚМЖ) болжанады.

Мамандардың түсіндіруінше, қолайсыз метеожағдайлар тымық, әлсіз жел, тұман және температуралық инверсия үйлескенде пайда болады. Мұндай жағдайда ластаушы заттар атмосфераның жерге жақын қабатында жиналып, ауа сапасы нашарлайды.

Синоптиктер ҚМЖ кезеңінде ластанған ауаның денсаулыққа, әсіресе созылмалы аурулары бар адамдарға теріс әсер ету қаупі артатынын ескертеді.

Ауаның ластану деңгейіне желдің жылдамдығы, ылғалдылық, температура және жауын-шашынның болуы да әсер етеді.

Тұрғындарға мүмкіндігінше көшеде жүруді азайтуға, әсіресе автомобиль жолдары мен басқа да ластану көздерінің жанында болмауға кеңес беріледі. Балаларға, жүкті әйелдерге, қарт адамдарға, сондай-ақ тыныс алу органдары, жүрек-қан тамырлары аурулары бар адамдар мен аллергиямен ауыратындарға ұзақ серуендерді шектеу және қажетті дәрі-дәрмектерін алып жүру ұсынылады.

Мамандар ашық ауадағы дене жаттығуларын уақытша жабық үй-жайларға ауыстыруға кеңес береді.

Бұған дейін «Курсив» Қазақстанның мегаполистерінде алдағы үш күнде тұрақсыз ауа райы, күрт суыту, қатты нөсер мен найзағай күтілетінін хабарлаған.