Ақтөбеде бес қабатты үйдің бірінші қабатындағы кафеде болған жарылыстан кейін комиссия ғимаратты тексеріп, 13 пәтер мен төрт коммерциялық нысанның зақымданғанын анықтады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Төтенше жағдай болған үйді тексеру мәліметтерін қаланың тұрғын үй инспекциясы бөлімі келтірді. Айтуларынша, бір тұтас кіреберістің тұрғындары пәтерлерін тастап кетуге мәжбүр болды — қазір олар туыстарының үйінде тұрып жатыр.
Шығынды анықтау үшін техникалық тексеру мен бағалау жүргізілуде. Бұл жұмыстардың нәтижесі апта соңына дейін мәлім болады деп күтілуде. Одан кейін кафе иесі пәтер тұрғындары мен коммерциялық нысан иелеріне шығынды өтеуге міндетті болады.
Оқиға кезінде екі адам зардап шекті. Әйел сол күні ауруханадан шығарылды. Ал денесінің отыз пайызы күйіп қалған кафенің 19 жастағы қызметкері қазір ауруханада жатыр. Дәрігерлер оның жағдайын тұрақты деп бағалап отыр.
«Техникалық тексеру жүргізілгеннен кейін мүлікті бағалау басталады, ал бұл шығындарды жарылыс болған нысанның иесі өтейді. Қазіргі таңда ТЖ департаменті жарылыстың себебін анықтау шараларын жүргізіп жатыр, тиісті сараптамалар да тағайындалды, күтеміз», — деп түсіндірді Ақтөбе қаласының тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ақнұр Қазбаева.


