Ақтөбеде екі жыл бұрын құрылыста биіктіктен құлап, мүгедек болып қалған дәнекерлеушінің отбасы жұмыс берушіден өтемақы талап етіп жатыр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
2024 жылдың қараша айында 20 жылдық тәжірибесі бар дәнекерлеуші Александр Турянский металл конструкцияларды орнату кезінде үшінші қабаттан құлап кетті. Оқыс оқиға салдарынан ол бас сүйегі, кеуде қуысы және өкпесінен ауыр жарақат алып, жамбас сүйегі сынып, ішінара есте сақтау қабілетінен айырылды.
«Мен ештеңе есімде жоқ. Мен анама: "Люлька теңселіп тұр" деп айттым. Міне, теңселе беріп, құладым. Өтемақы төлесін, әрі қарай өмір сүру керек. Ақшаның бәрі керек. Олар ештеңе істегісі келмейді», — деді зардап шеккен Александр Турянский.
Ер адамның анасының айтуынша, ұлы жұмысқа орналасқаннан кейін үшінші күні биіктіктен құлаған. Ол 15 күн комада жатты, жалпы ауруханада үш ай болды. Қазір ол бірінші топтағы мүгедек. Оның айтуынша, дәрі-дәрмекке, массажға және дәрігерлерге ақша жетпейді. Ал жұмыс беруші, әйелдің сөзінше, алғашында аздап көмектескен, бірақ кейін тоқтатқан.
«Олар бірте-бірте бізден алшақтады. Болды, ешқандай көмек жоқ. Мен зейнетақы алатынмын — бәрі дәріге кететін. Олар бізге ештеңе өтемеді», — деді зардап шеккеннің анасы Любовь Турянская.
Еңбек инспекциясы тергеу жүргізді. Алдымен жұмыс берушінің кінәсі ішінара дәлелденді.
«80% — жұмыс берушінің кінәсі, 20% — жұмысшының кінәсі. Қауіпсіздік ережелері мен еңбекті қорғау талаптарын сақтамаумен қатар, жұмысшымен нұсқаулық жүргізілмеген. Мұның бәрі арнайы тергеу актісінде тіркелді», — деді Ақтөбе облысы бойынша еңбек қауіпсіздігін бақылау бөлімінің басшысы Қуаныш Камиев.
Кейін сот жұмыс берушінің кінәсін 100 пайыз деп анықтады. Компания өкілдері өндірістегі оқыс оқиғадан кейін заңға сәйкес әрекет еткендерін айтады.
«Олар памперс пен басқа заттарға ақша сұрағанда — бәрі төленді. Бірақ мәселе мынада, Турянский заңды толық сақтамады. Оқыс оқиға болғаннан кейін біз құжаттарды бердік, олар сақтандыру компаниясына жүгінуі керек еді», — деді "КАБЛЕНОВА" ЖК ресми өкілі Төлеген Есенғужин.
Енді бұл іске сот нүкте қоюы тиіс. Зардап шеккен тарап моральдық және материалдық залалды өтеу ретінде 32 млн теңге талап етіп отыр.


