Ақтөбелік тұрғын Литваға жұмысқа орналасуға көмектесемін деген алаяқтарға сеніп, 600 мың теңге жоғалтып, баспанасыз қалды. Ол Литваға жұмысқа орналасуға көмек деп 600 мың теңге аударған, алайда елге келген соң жұмыссыз әрі ешқандай қолдаусыз қалған, деп хабарлайды infohub.kz.

Оған Литвада қарсы алып, құжаттармен көмектесіп, қолайлы жұмыс орнын тауып беретінін уәде еткен. Ол қызмет ақысынан бөлек, Алматыға дейін пойыз билетін, содан кейін Литваға ұшақ билетін өзі сатып алып, тұруға рұқсат ресімдеуге де ақша төлеген. Жолға 365 мың теңге, ал тұруға рұқсатты рәсімдеуге 94 мың теңге жұмсаған.

Алайда келген соң оны ешкім қарсы алмаған. Жұмыс берілмеген, ақшасы таусылып, түнейтін жері болмаған. Оған үйіне қайтуға туыстары көмектесіп, қайтар жолға ақша жіберген. Ол Литвада бір аптадай болған.

Оралған соң ақтөбелік Тұтынушылардың ұлттық палатасына жүгінген. Сот арқылы ол барлық жұмсаған шығынын өндіріп алып, моральдық зиян үшін 200 мың теңге өтемақы да алған. Республикалық қоғамдық бірлестік «Тұтынушылардың ұлттық палатасының» президенті Ислам Болатовтың айтуынша, қазір бұл ер адамның жағдайы түзелген, ол өз ісін ашып, енді күмәнді жұмыс уәделеріне сенбейді.