Ақтөбе облысында қолданбалы медициналық зерттеулерге 1,8 млрд теңгеден астам қаржы бағытталды. Батыс Қазақстан медицина университетінің ғалымдары денсаулық сақтаудың өзекті мәселелерін шешуге арналған алты ірі жоба бойынша жұмыс жүргізіп жатыр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Аталған жобалардың төртеуі гранттық, екеуі бағдарламалық-нысаналы ғылыми жобалар. Мәселен, мамандар онкологиялық ауруларды ерте анықтау әдістерін әзірлеп, асқазан обырының ағымын болжау бойынша зерттеулер жүргізуде, радиацияның ағзаға әсерін зерделеп, жасөспірімдер суицидінің алдын алу жолдарын іздестіруде.
Жаңа зерттеулердің басты мақсаты — теориямен шектелмей, ғалымдардың әзірлемелерін ауруханалар мен емханаларға енгізіп, ауыр ауруларды уақтылы анықтау және экологиялық тәуекелдерді бағалау.
Ақтөбе облысы әкімдігінің мәліметінше, өңірде Ғылым жөніндегі кеңес те құрылған. Ол ғылыми қауымдастық, мемлекеттік органдар және өндірістік кәсіпорындар арасындағы өзара іс-қимылды нығайтумен айналысады.
Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі әлеуметтік желілерде республиканың ауылдық медицинасында бірнеше жылда қандай өзгерістер болғанын, қандай ірі медициналық нысандар салынғанын және қандай жұмыстар әлі жалғасып жатқанын хабарлаған болатын.
Мәселен, 2019 жылдан бері елде 1,2 мыңнан астам денсаулық сақтау нысаны пайда болды. Олардың ішіндегі ірілері — Астанадағы Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық және 200 төсектік Ұлттық жедел медициналық үйлестіру орталығы, сондай-ақ Алматыдағы 350 төсектік Ұлттық жұқпалы аурулар ғылыми орталығы. Қазір құны 108 млрд теңге болатын тағы 51 медициналық нысанның құрылысы жүріп жатыр. Олардың қатарында көпбейінді ауруханалар мен жаңа емханалар бар.


