Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілері Ақтөбе облысындағы су басқан 403 гектар аумақты дезинфекциялады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Төтенше жағдайлар министрлігінің (ТЖМ) өкілі Асқар Шәріп су тасқыны жағдайы бойынша жаңа деректерді жариялады. «Атырау, Индер, Махамбет, Исатай және Құрманғазы аудандарында 500 км-ден астам бөгет салынды. Құлсарыда су басқан аумақтардан жылжымалы сорғы станциялары мен мотопомпалардың көмегімен 207 мың текше метрден астам су сорылды. Республика бойынша 38 521 адам үйіне қайтты. Эвакуациялық пункттерде 6 726 адам қалып отыр», — деп спикердің сөзін Kazinform тілшісі келтірді.

Ол су тасқыны басталғаннан бері 12,9 млн текше метрден астам еріген су сорылғанын, 7 млн мешкотар және 1,5 млн тонна инертті материал төселгенін қосты.

Авариялық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға барлығы 20 мыңнан астам адам және 2 772 бірлік техника, 335 су сорғыш құрал, 249 жүзу құралы, сондай-ақ 7 әуе кемесі жұмылдырылды.

Атырау облысында ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы Жайық өзеніндегі су деңгейінің мониторингі жалғасуда. Жағалауды нығайту жұмыстары жүргізілуде.

Қойылған міндеттердің орындалуына байланысты Қорғаныс министрлігінің Алматы және Қарағанды облысындағы күштері мен құралдарының бір бөлігі бұрын Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарына жіберілген болатын, енді тұрақты орналасу орындарына қайтарылуда.