«Актобе» футбол клубы Қазақстан премьер-лигасының 19-туры аясында өз алаңында «Окжетпесті» жеңіп, турнир кестесінде үшінші орынға көтерілді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қазақстан чемпионатының элиталық дивизионы 19-турында үш кездесу өтіп, барлығы бірдей 2:1 есебімен аяқталды.

«Актобе» маусымды сәтсіз бастағанымен, бапкер ауысқаннан кейін (болгариялық Николай Костовтың орнына словакиялық Штефан Таркович келді) бес дүркін чемпион біртіндеп формасын тапты. Бірінші айналымның ашылуы болған «Окжетпеспен» кездесу алдында ақтөбеліктер үшінші орындағы қарсыласынан небәрі екі ұпай кейін тұрған еді.

5-минутта-ақ македониялық Яни Атанасов стандарттық жағдайдан соң есеп ашты. Таймның ортасында үй иелерінің тағы бір бұрыштап соққан добы Темірлан Ерлановтың голына әкелді — 2:0. Бірінші таймның соңына қарай «Окжетпестің» өзбек жартылай қорғаушысы Шахбоз Ұмаров айырмашылықты қысқартты — 2:1. Екінші таймда гол болмады.

Бұл жеңіс «Актобеге» кестеде «Астана» мен «Окжетпесті» басып озуға мүмкіндік берді. Алайда, елордалық клубтың қоры ойыны бар: ертең «Астана» «Алтайды» қабылдайды.

Турдың қалған екі матчы ұқсас сценариймен өтті: қонақтар есеп ашты, үй иелері есепті теңестірді, содан кейін шешуші гол жіберіп алды. Жезқазғанда «Ұлытау» «Ертіске» (1:2) есе жіберсе, Талдықорғанда «Жетісу» «Қызылжардан» (1:2) ұтылды. Жеңіс голдарын павлодарлықтар үшін ивуариялық Жан-Морено Поэ, ал петропавлдықтар үшін камерундық Стефан Баокен соқты. Айта кетерлігі, «Қызылжар» Александр Соколенко алаңнан шығарылған соң он адаммен ойнап, шешуші голды енгізді.

Турдың орталық матчы «Қайрат» — «Ордабасы» 26 шілдеде өтеді. Сол күні «Тобыл» — «Атырау», «Елімай» — «Қайсар», «Астана» — «Алтай» және «Каспий» — «Жеңіс» ойындары да ойналады.