Ақтөбеде өткен жылдың желтоқсанында анасы мен әжесіне пышақпен шабуыл жасады деген күдікке ілінген 16 жасар жеткіншекке қатысты сот процесі басталды. Әйел алған жарақатынан қайтыс болды, деп хабарлайды infohub.kz.

Еске салайық, желтоқсан айының басында оқушы анасын өлтіріп, әжесіне шабуыл жасады деген күдікке ілінгені белгілі болған еді. Полицияның хабарлауынша, кезекші бөлімге пәтерлердің бірінде аса ауыр қылмыс жасалғаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына барған тәртіп сақшылары зорлық-зомбылық белгілері бар әйелдің мәйітін тапқан. Сол пәтерден қарт әйел пышақ жарақатымен ауруханаға жеткізілген. Кәмелетке толмаған күдікті кінәсін мойындап, жауап берген.

Көршілер болған оқиғадан есеңгіреп қалды, өйткені отбасы ауқатты әрі толық болып саналатын, үш бала тәрбиелеп отырған. Ұсталған жасөспірім — үлкен ұлы, екінші ұлы одан кіші. Үлкен балалар жеке мектепте оқыған, ал бес жасар кенжесі мектепке дайындық сабақтарына барған. Ата-анасы жұмыс істеген, балалар тәрбиелі әрі әжесіне әрдайым көмектесетін.

Бүгін Ақтөбеде осы іс бойынша сот процесі басталып, сол қаралы күннің мән-жайы айтылды. Айыпталушылар отырғышында 16 жасар оқушы болуы керек еді, алайда телеарнаның хабарлауынша, ол психиатриялық ауруханада жатыр. Сараптама нәтижесі бойынша оған параноидты шизофрения диагнозы қойылған. Мамандар қылмыс жасалған кезде ол өз іс-әрекетін сезінген жоқ деген қорытындыға келген.

Сотқа жасөспірімнің әкесі мен әжесі келді. Екеуі де өздерін түсірмеуді сұрап, түсініктеме беруден бас тартты. Қанды оқиғаның мән-жайын мемлекеттік айыптаушы оқып шықты: «Жасөспірім ас үйде болған, анасы оған үлгерімі туралы ескерту жасаған. Осыдан кейін ол раковинаның үстіндегі шкафты ашып, қара сапты пышақты көріп, алып, әйелді басқа бөлмеге дейін қуған. Сол жерде ол оған денесінің әртүрлі жеріне бірнеше пышақ жарақатын салған. Алған жарақаттарынан анасы оқиға орнында қайтыс болған».