Ақтөбе облысының тұрғыны танысымен бірге той-думаннан кейін 1 млн теңгеден айырылды. Ақша банктік қосымша арқылы аударылған, деп хабарлайды infohub.kz.
Ақтөбе облысында 41 жастағы ер адам танысының шотынан 1 млн теңгені ұрлады деген күдікке ілінді. Полицияның мәлімдеуінше, ол бірге отырған той үстінде басқа адамның смартфонын пайдаланып, ақшаны өз шотына аударған.
Ішкі істер министрлігінің ведомстволық сайтында хабарланғандай, телефон иесі басқа қонақтармен сөйлесіп отырғанда, күдікті байқатпай телефонды алып, банк қосымшасын ашып, ақшаны өз шотына аударып жіберген.
Зардап шегуші ақшаның жоғалғанын бірнеше күн өткен соң, банк операцияларының тарихын тексеріп көргенде ғана білген. Содан кейін ол полицияға арызданған.
Күдіктіні көп ұзамай анықтап, полиция бөліміне жеткізді.
Полицияның хабарлауынша, жауап алу кезінде ол кінәсін мойындап, ұрланған ақшаны жеке қажеттіліктеріне жұмсап үлгергенін айтқан.
Ұрлық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Полиция таныстар арасында да телефонды қараусыз қалдыруға және бөгде адамдарға беруге болмайтынын ескертті.
«Қазіргі заманғы смартфон — бұл тек байланыс құралы ғана емес, сонымен қатар сіздің банк шоттарыңызға кіру мүмкіндігі. Бірнеше секундтық немқұрайлылық өте қымбатқа түсуі мүмкін, ал біреудің ақшасын иемденуге деген ынта пайда емес, қылмыстық жауапкершілікке әкеп соқтырады», — деп атап өтті ведомствода.


