Қазақстандық «Ақтөбе» футбол клубы ағылшындық вингер Олувасейи Бабаджидемен, яғни Шейи Оджо деген атпен танымал ойыншымен келісімшарт жасасқанын ресми растады. 29 жастағы футболшы командаға еркін агент ретінде қосылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Келісімнің қаржылық мәліметтері жарияланбады, алайда беделді дереккөздердің мәліметінше, ойыншының трансферлік құны 600 мың еуроны құрайды. Клубтың ресми мәлімдемесінде: «Оджоға ортақ табыстар тілейміз! Қызыл-ақ отбасына қош келдіңіз!» — делінген.

Шейи Оджо мансабын ағылшындық «МК Донс» клубының академиясында бастап, кейін «Ливерпуль» жүйесіне ауысты. Мерсисайдтықтардың негізгі құрамында ол сегіз матч өткізді. Кейін вингер «Уиган», «Вулверхэмптон», «Фулхэм» және «Миллуолл» секілді ағылшын клубтарында, сондай-ақ француздық «Реймс», шотландиялық «Рейнджерс» және уэльстік «Кардифф Сити» командаларында ойнады.

Оджо соңғы рет словениялық «Марибор» сапында өнер көрсетті. Бұл командада ол 61 матч өткізіп, төрт гол соғып, жеті голдық пас берді. Футболшының жетістіктері қатарында Англия құрамасымен 20 жасқа дейінгілер арасындағы әлем чемпионатындағы жеңіс те бар.