Ақтөбеде әйелін тұрақты сатып алушыға қызғанып, оған монтировка мен пышақпен шабуыл жасаған ер адам сотталды. Зардап шеккен жігіт пышақ жарақатымен ауруханаға жатқызылды, ал шабуылдаушы бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Іс материалдарына сәйкес, жүк көлігінің жүргізушісі әріптестерімен бірге жұмыс барысында Нокин даңғылындағы азық-түлік дүкеніне жиі кіріп, сауда жасап жүрген. Бір кезде сол жерде сатушы болып істейтін әйелдің күйеуі оны осы сатып алушыға қызғанып, дүкенге кіруге тыйым салған.

Күндердің бірінде ер адам әйелінің жұмысына келіп, сол сатып алушыны кездестіреді. Оның өз талабын елемегеніне қатты ашуланған ол жанжал шығарады. Жанжал көшеде жалғасып, ақыры қызғаншақ ер адам монтировка мен пышаққа жүгінеді. Нәтижесінде сатып алушы пышақ жарақатымен ауруханаға түседі.

Полицейлер денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Сотта айыпталушы сатып алушыға дүкенге келуге шынымен тыйым салғанын, ал жанжал кезінде зардап шеккен жігіт оны бірінші болып ұрғанын растады. Ол сондай-ақ монтировканы көліктен алғанын, кейін бір сәтте басына футболка жабылып, айналада не болып жатқанын көре алмай қалғанын, ал оларды ажыратқанда ғана ер адамды жарақаттағанын түсінгенін айтты. Айыпталушы төбелесуге ниеті болмағанын мәлімдеп, соттан бас бостандығынан айырмауды сұрады.

Зардап шеккен жігіт сотта айыпталушының әйелін тек дүкен сатушысы ретінде танитынын, онымен кейде әзілдесіп сөйлескен болуы мүмкін екенін айтты. Ол ауруханада 22 күн жатқанын, екі операция жасалғанын және алты ай бойы жұмыс істеуге болмайтынын жеткізді.

Сот ақтөбелік ер адамды 3 жыл 4 айға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ сотталған адамнан моральдық зиян өтемақысы ретінде 700 мың теңге өндірілді. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.