Ақтөбеде ауданы 7,4 мың шаршы метрден асатын теміржол вокзалының реконструкциясы аяқталды, деп хабарлайды infohub.kz.
«Қазақстан темір жолы» компаниясының мәліметінше, жаңарту теміржол вокзалдарын жаңғырту бағдарламасы аясында жүргізілді. Жертөле және техникалық қабаттары бар алты қабатты ғимаратта жаңа шатыр, қасбет және инженерлік желілер орнатылып, ішкі бөлмелер жөнделді. Қасбет фиброцементті плиталармен қапталды.
Ғимаратта лифтілер мен эскалаторлар орнатылып, жаңа жиһаз бен жабдықтар сатып алынды. Реконструкцияда қазақстандық өндіріс материалдары қолданылды. Сонымен қатар, іргелес аумақ абаттандырылып, мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға жағдай жасалды.
Ақтөбе теміржол вокзалы 1976 жылы салынған. Қазір оның тәуліктік жолаушылар ағыны 4,7 мың адамнан асады.
Станция арқылы Ақтөбені Астана, Алматы, Орал, Маңғыстау, Бейнеу, Тараз, Шу, Шымкент, Түркістан, Қызылорда, Көкшетау, Қостанай, Бурабай курорты және Атыраумен байланыстыратын 34 жолаушылар пойызы өтеді.
Сондай-ақ вокзал арқылы Ақтөбені Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан қалаларымен байланыстыратын халықаралық бағыттар да өтеді.
ҚТЖ-да реконструкция жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға, қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасауға, сондай-ақ теміржол инфрақұрылымы нысанының сыртқы келбетін жаңартуға бағытталғанын атап өтті.
Бұған дейін 2026 жылы Қазақстанда Тәуелсіздік жылдарындағы ең ірі теміржол вокзалдарын жаңғырту бағдарламасы жүзеге асырылатыны, ол бүкіл ел бойынша 124 нысанды қамтитыны хабарланған болатын. Сонымен қатар, ҚТЖ теміржол желісін кеңейтіп, локомотивтер мен жолаушылар вагондарын жаңартуда: жыл басынан бері парк 144 локомотивке толықты, ал он жыл ішінде 1 082 бірлік сатып алу жоспарлануда.


