Ақтөбе тұрғындары мемлекеттік сатып алудан табыс табуға уәде етілген ұсынысқа сеніп, 100 млн теңгеден астам ақшасынан айырылды. Оларға инвестициялық схеманы тендер мектебінде оқығаннан кейін ұсынған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Зардап шеккендердің айтуынша, әуелі оларды мемлекеттік сатып алуға қатысуға және тендерлерді ұтып алу жолдарына үйреткен. Кейін оқушыларға мектептің басқа түлектері алған тапсырыстарды орындауға ақша салу ұсынылған.
Ұйымдастырушылар, зардап шеккендердің сөзінше, мұны жаңадан бастаған жеткізушілерге қажетті тауарларды сатып алуға қаражат әрдайым жетпейтіндігімен түсіндірген. Инвесторларға лотты төлеуді ұсынып, оның орнына бірнеше ай ішінде сыйақы төлеуге уәде берген.
«Бастапқыда шарт – біз оқушы болуымыз керек. Тек оқушылар ғана инвестиция сала алады. Ол мұның бәрін Instagram-да көрсетеді, оның аудиториясы өте үлкен. Осылайша ақша табуға болатынын көрсетеді: яғни инвестиция тартасың, ақша бересің, өзің ештеңе істемейсің. Басқа оқушы сол арқылы игілік үшін жұмыс істейді, ал сен үстінен сыйақы аласың», – деді Айман Шуриева.
Уәделерге сенген ақтөбеліктер ірі сомаларды тапсырған. Алайда зардап шеккендердің тұжырымынша, олар не уәде етілген табысты, не салған қаражатын қайтарып ала алмаған. Олардың есебі бойынша, жалпы шығын 100 млн теңгеден асқан.
Полицияға жеті адам арызданған. Күдікті үйқамаққа жіберілген, алайда зардап шеккендер оны қамауға алуды талап етуде. Олар ер адамның ақша тартуды жалғастырып, қылмыстық іске қатысушыларға ықпал етуі мүмкін деп қауіптенеді.
«Қаланың жеті тұрғыны 33 жастағы жергілікті тұрғынға қатысты шара қолдану туралы арызбен жүгінді. Ол инвестициялық қызмет жүргізу сылтауымен алдау жолымен олардың ақшалай қаражатын иемденген. Осы факті бойынша қылмыстық іс тіркелді», – деді Ақтөбе облысы полиция департаментінде.
Іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Полиция өзге мәліметтерді әзірге жариялаған жоқ.


