Ақтөбеде той кортежіне қатысушылар жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды: жолаушылар әдемі кадр түсіру үшін көлік терезесінен сыртқа шығып, жүргізушілер қауіпсіздік белбеуін тақпаған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

ІІМ ведомстволық сайтының хабарлауынша, әлеуметтік желілерді мониторингілеу барысында полиция қызметкерлері той кортежіне қатысушылардың ЖҚЕ өрескел бұзғанын көрсететін бейнежазбаны анықтаған.

«Жарияланған кадрларда жолаушылар қозғалып келе жатқан көліктерден сыртқа шығып тұр, ал жүргізушілер жүріс кезінде телефон қолданып жатыр. Сонымен қатар, жүргізушілер қауіпсіздік белбеуін тақпаған. Мұндай мінез-құлық тек кортежге қатысушылардың өміріне ғана емес, жол қозғалысының басқа да қатысушыларына нақты қауіп төндіреді», — деп хабарлады полиция.

Полиция қызметкерлері кортежге қатысқан көлік құралдарының жүргізушілері мен жолаушыларын анықтады. Барлық бұзушылар заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылды. Көлік құралдарының бірі арнайы тұраққа қойылды.

«Мерекелік шара ЖҚЕ талаптарын елемеуге негіз болмайды. Әдемі видео түсіруге тырысу, көлік терезесінен сыртқа шығу немесе қауіпсіздік белбеуін тақпау қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін», — деп еске салды құқық қорғау органдары.