Ақтөбеден 30 шақырым жерде орналасқан Жаңа ауыл-1 елді мекенінде 30-ға жуық үй салынған, алайда оларды электр желісіне қосу әлі мүмкін болмай отыр. Тұрғындар үйлерін генератормен жарықтандыруға, азық-түліктерін ауладағы құдықтарда сақтауға немесе туыстарына қалаға апаруға мәжбүр. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.

Бұл қала маңындағы жер телімдері 2018 жылы беріле бастаған. Содан бері мұнда 30-ға жуық тұрғын үй пайда болды, алайда көшіп келушілер санаулы ғана — ауылға электр желісі тартылмаған. Суық түскенде жарықсыз өмір нағыз сынаққа айналады: тамақ әзірлеу, үйді жарықтандыру ғана емес, жылыту да қиынға соғады.

«Күндіз қозғалтқышты қосамыз, кешке аккумуляторға көшеміз. Бірақ ол екі сағатқа ғана жетеді. Жазда азық-түлікті Ақтөбедегі туыстарымызға апарып, кейін содан тек қажеттісін аламыз. Бізге екі нәрсе керек — жол және жарық», — дейді Жаңа ауыл-1 тұрғыны Самат Имангазин.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, жергілікті билік электр желісін 2026 жылы тартуға уәде берген. Ауылға техника келген, бірақ жұмыс тез тоқтап қалған. Азаматтар биылғы қысты да шам жарығымен, суық үйлерде қарсы алудан қорқады.

Электр жарығынан бөлек, ауылда су да, асфальт жол да жоқ. Кейбір тұрғындар аулаларына өздері ұңғыма қазған, алайда олардың айтуынша, бұл суды ішу мүмкін емес — тым тұзды. Сондықтан суды көрші ауылдан алады немесе қаладан әкеледі.

«Жаңа ауыл-1-дің газ және электрмен жабдықтау мәселесі бойынша: бүгінгі таңда жұмыстарды «Айком» компаниясы жүргізуде. Келесі тоқсанда, яғни қазан-қараша айларында тапсыру жоспарлануда — осы нысанды тапсыру жоспарланған. Осы жоба жүзеге асырылғанда электр жарығы 2250 телімге беріледі», — деді Ақтөбе қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімінің басшысы Бауыржан Жантурин.