Ақтөбе облысының әкімдігі жол жөндеуге инновациялық тәсілді енгізетінін мәлімдеді: Ақтөбеде «қалқымалы» деп аталатын люктер орнатыла бастайды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Облыстық әкімдікте түсіндіргендей, қала үшін жаңа технология жол төсемінің беріктігін арттырып, жүргізушілерге ыңғайлы жүруге мүмкіндік береді.
Дәстүрлі әдісте люк асфальт төселгенге дейін темірбетон плитаға орнатылса, жаңа технология асфальт төселгеннен кейін арнайы реттелетін тіректі орнатуды көздейді. Осының арқасында люк жол деңгейімен дәл бекітіліп, төсемнің ажырамас бөлігіне айналады.
Мамандардың айтуынша, мұндай жүйе әлдеқайда үлкен көлік жүктемесіне төтеп бере алады. Бұл люктердің айналасындағы асфальттың шөгуіне жол бермейді, ал бұл көбінесе тегіссіздіктердің пайда болуына және автомобильдердің аспасының зақымдалуына әкеледі.
Қажет болған жағдайда люктің биіктігін ауқымды жол жұмыстарын жүргізбей-ақ реттеуге болатыны атап өтілді. Жаңа құрылымның қызмет ету мерзімі 10-15 жылды құрайды. Бұл технология Ресейде және басқа да бірқатар елдерде кеңінен қолданылады.
Ақтөбеде оны алғаш рет қаладағы ең көп жүктелген көшелердің бірінде сынақтан өткізу жоспарлануда. Егер жаңа жүйе қарқынды қозғалыс жағдайында өз тиімділігін көрсетсе, ол қаланың басқа да жолдарын жөндеуде қолданылатын болады, деп қосты әкімдікте.


